Астана әңгімелері. Бәріне кінәлі жалғыз сен… - Махан Мақпал
Шрифт:
Интервал:
Закладка:
Қос ғашық уақыт сырғыған сайын, бақыттың бағында бастары айналып, көп ұзамай бірге азаматтық некеде тұратын болып шешкен. Астананың сол жағалауында бой көтерген он сегіз қабатты биік үйдің оныншы қабатынан бір бөлмелі, жұмыстарына тақау жерден пәтер жалдаған. Пәтердің ішіндегі барлық жиһаздары қымбат итальяндық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, ал дизайны модерн стиліндегі көңілге қонымды, ғашықтардың ұясына айналған.
Жұмыстарынан осы ұяға асыға оралатын ғашықтар түннің жақындауын асыға күтетін. «Махаббат анасы» түнмен бірге, махаббат майданында талай мақпал түндерді бастарынан өткізген бұлар бір-бірінен жалығар емес-тін, керісінше қызығушылықтары арта түскендей.
Беріктің иісіне, құшағына әбден үйреніп кеткен Ақмарал жалғанның бір күнін де Беріксіз елестете алмайтын. Берік те Ақмаралдың әзірлейтін тағамына, тазалығына, сұлулығына, иісіне адал иттей үйреніп, болашағын тек Ақмаралмен ғана елестететін.
Күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын Берік пен Ақмарал шын сезімнің құлы болып, ерлі-зайыптылар секілді күн кешіп жатқан.
Қыдырыспен жалғасқан күндерді, Есілдің жағалауын бойлаған жазғы түндерді өткізіп, таңды өзеннің жағасында атыруды да шығарған.
***Жаздың жайлы кеші болатын. Қос ғашықтың бойын сергітетін қоңыр салқын самал тұнық ауада біліне бастаған. Қызара батар қызыл күн өз ұясына кіріп, өзен жағасына айтарлықтай көрік беріп тұрған.
Бұл кезде Есіл өзенінің жағасы басқа уақытқа қарағанда ерекше көңілді болып тұрады. «Набережная» деп аталатын бұл жағада астаналықтар мен қала қонақтарының у-шуы көбейіп, олар азан-қазан болған қаладан бір сәтке демалу үшін жиналғандай көрінеді.
Астанадан белгісіз үміт күткен мыңдаған көздер қомағайлана айналаны шарлайды. Әрқайсысында бір үміт, бір мақсат, бір арман…
Лек-легімен ағылған халықтың санында шек жоқ. Астананың арманды туған күні өтіп кетсе де, жаздың жайлы жұлдызды түндері мерекелік көңіл-күймен жалғасын тапқан. Астананың түндері Петербордың «ақ түндерінен» бірде-бір кем емес. Жанып тұрған шамдардың жарығы қалаға да, жағаға да ерекше нұр беріп, нұрлы аймаққа айналдырған.
Халықтың бір бөлігі Есілдің жағасын бойлай жүрсе, бір бөлігі «жылжымалы көпірден» өзеннің сәулелі толқындарын тамашалап, ал қалғандары саябаққа қарай ағылуда. Қыдырғандардың арасында кейбірі топ-топ болып, кейбірі жалғыз, ендігі бірі қостасып жүрген жандар. Осылардың арасында ауыр жұмыс күнінен соң, демалуға Берік пен Ақмарал да келген.
Екеуінің де жаны сұлулыққа жақын болған соң, әсем көріністі жерлерді білетін. Өткінші өмірде жабырқамай, бүгінгі күнді қуана қарсы ала білетін қос ғашық демалудың ретін білетін.
Саябақтың ішінің сұлулығы шуақ шашқан таң нұрындай жарқырап, безендірілген түрлі-түсті гүлдердің хош иісі мұрынды жарып, еріксіз сезімнің сазды күйін шерткізеді.
Осы гүлдердің сұлулығын тамашалап тұрған Ақмарал ертегі әлеміне саяхаттап кеткендей, балдырған бал күнін сағынып, терең ойға шомып кеткен еді. Осы кезде Берік даланың елігіндей ыршып кетіп, гүлдердің арасынан ең әдемі деген қызыл гүлді жұлып алған. Теріс қарап, ойланып кеткен Ақмаралдың артынан келіп, Берік екі қолымен толтыра құшақтап, желкесінен түскен шашын иіскелей, қолындағы гүлін ұсынып:
Ай мүсінді Маралым менің! – деп, құлағына сыбырлап, Ақмаралды өзіне қаратып, қойнына ендіріп жіберген.
Қыздың көздері мөлдіреп:
Жаным, мен сені жанымнан да артық жақсы көремін! – деген.
Берік сүйіктісінің нәзік қолдарынан ұстап тұрып, дірілдеген қатаң, жуан даусымен сүйікті әнін шырқай жөнелген.
Ақ гүлдер, көк гүлдер, бәрі де гүлденер,Таңертең мазалап самал жел.Айлы түн астында, ақ гүлдер қасындаӨзіңді сүйгіздің басқаға…
– деген кезінде Ақмарал әнді бөліп жіберіп:
– Ар жағын айтпашы, жаным мен сенен басқа ешкімге өзімді сүйгізбеймін! – деп тоқтата қойған еді.
***
Күздің дауылды түні болатын. Астананың ызғарлы желі борап тұрған. Вокзалдың маңайында зулаған көліктер тынымсыз ағылып, адамдар өз шаруаларымен арпалысып жүрген уақыты еді. Тағдырдың тұтқынына түскен әйелдер мен қыз-келіншектер жұмыс орындарында селтиген.
Берік пен Ақмарал жылы киінген. Жігіт қыздың жол сөмкесін қолына ұстаған күйі бірінші жолға келіп тоқтаған пойыздың қасында шығарып салуда. Ақмаралдың орамалын өзі мойнына орап беріп, қыздың мөлдіреген көздерінен мөлтілдеп аққан жасты сүртіп, құрғатқысы келеді. Берік Ақмаралды жұбата келе, құшақтап, аймалайды.
Сен неге жылайсың, томпақ күшігім, бір айдан соң қайта ораласың ғой, кішкентайым?! – деп Берік қыздың көзінен сүйеді.
Сені қимай тұрмын, жаным.
Мен де.
Сені қатты сағынамын Берік.
Ал мен сені уже сағындым! – дескен ғашықтар ұзақ тұрып, бір-бірін қимастай қоштасқан.
Пойыз жүріп кеткенде көңіл-күйі түсіңкіреген Ақмаралдың назары енді өзінің қолдарына түскен. Саусағынан күні кеше ғана сүйіктісі сыйлаған асыл тасы бар алтын жүзігін көргенде жымиыңқырап, сәл болса да көңіл-күйі көтеріліп қалып, қалта телефонына үңілген болатын. Беріктен хабарлама келген екен. «Егер сыныптастарыңмен кездессең, достарыңмен, құрбыларыңмен хабарлассаң, интернетке, агентке кірсең өз қолыммен сені өлтіремін! Ауылыңа жеткен соң әрбір басқан қадамың жайлы сағат сайын хабарлап отырмасаң, өз қолыммен өлтіремін, жаным!» деп жазылған смс-ті оқыған кезде Ақмаралдың көздері қарауытып, қолдары дірілдеп, аққұба жүзі сұрланып кеткен еді. Отырған жерінде сұлық отырып қалды. Жан сырымен бөлісіп жүрген, сезіміне бас иіп, болашақ жарына балап жүрген сүйіктісінен келген зілді хабарламасы Ақмаралды шошытқан. Өзін «Беріктің аялаған ақ құсымын» деген ойлары нөсер жаңбырымен шайылып кеткендей.
Купенің ішінде сырын ақтара ашуға сай ешкім болмаған соң, Ақмарал іштей барлығын ойланған. Жанындағы алпыс жас шамасындағы әйелмен бір-екі ауыз сөзбен алмасумен ғана шектелген, ары қарай бүгінгі болған жайды іштей ойлап, ойдың тұңғиығына батып кеткен.
Созыла жатып, өзінің бір сәтте өзгергенін сезінген, бұл жалғанның бір орында тұрмайтынын енді ғана жақсы түсінген-ді. Болар істің болғанын, жар таңдаудан қателескенін, шегінерге жолдың жоқтығын біліп, жынды кісіше «Ақмарал, өкінбе өткенге, келмеске кеткенге» деп қайта-қайта ернін жыбырлатып, сыбырлап, өз-өзімен сөйлесіп, сан қайтара қайталап жатты.
Берікке деген сезімі суыған. Ойнап жазды дейін десе, Беріктің мінезін он саусақтай біліп алған соң, бұлай еместігін де жақсы білген-ді.
Көзі ілініп бара жатып, құлағына рельстің тықылынан басқа таныс әннің сөздері қайталана естіледі:
Сүйем деген сөздерің қайда?Жүрегімнің дүрсілін тыңда.Неге сонша байқамадың сенЖалған махаббат.Махаббаттың қадірін білмей,Кете бардың қасымда жүрмей.Алаулаған ғашықтық отын.Жалған махаббат.Саған енді сенбеймін жаным,Бұл азапқа төзбеймін жаным.Жүрегімді алдадың сенЖалған махаббат!
Кеше құлағындағы әннің әуенімен ұйықтап кеткен Ақмарал, ерте оянып алған. Биік таудың басына шығып айқайлағысы келеді. Өзін сабырлыққа шақырып, жүрегі мен ақылының шайқасынан өзін толқыны тола алмай жатқан теңіздей сезінді. Ақыр соңында жүрегі жеңіп, не болса да тағдырының жазғанына көнуге бел буды. «Егер бұл балаға ойын керек болса, онда ойнайын» деп шешкен Ақмарал кеудесінде қалған шоқты тұтата түсті.
«Қостөбе» ауылының басы. Ақмарал тыныш ұзын көше бойын жағалап келеді. Бала кезінде әрбір таңына бақыт сыйлаған көше бойын жағалап келеді… Жалаңаяқ уайымсыз жүгіріп жүрген балдырған бал кездерінің сағынышын басқан көше бойын жағалап келеді… Тезектің шоғына күйдіріліп піскен тапанша нанның иісі шыққан көше бойын жағалап келеді… Кезектен қайтар төрт-түліктің қиларын көрген көше бойын жағалап келеді… Жасыл егіспен ұзақ, мол ауылды жаңғыртқан, еңбек ізін қалдырған көше бойын жағалап келеді… Үйіне қарай аяңдап келеді.
Алтын күздің самал желі Ақмаралдың мойнындағы жібек орамалын ұйтқытып ұшырады. Сүмбіл шашы желменен жарыса жұлқынады. Ақмарал ұзаққа телміріп қадала қарайды. Ендігі жүзінде ой да, қиял да, сағындырған сағыныш күлкісі де бар.
Конец ознакомительного фрагмента.