Категории
Самые читаемые
Лучшие книги » Поэзия, Драматургия » Драматургия » Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев

Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев

Читать онлайн Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев

Шрифт:

-
+

Интервал:

-
+

Закладка:

Сделать
1 ... 6 7 8 9 10 11 12 13 14 ... 22
Перейти на страницу:

Ғабдуррахман. Өлсең – өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда? Егер сен өз ішіңнен туған балаңды аямай тастап кетсең – біз сенен не қайыр күте алмақпыз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет? Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!

Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!

Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді? Бір рет тастап кеткен мұйғылаға баланы сеніп беруге бола ма? (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!

Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбірелер: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!» деп жатыр.

Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз? А? Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды мекен? Шырылдап осы дүниеге келе сала, өзін туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті мекен? Содан есейіп жігіт болғанша, «Анам келіп мені алып кететін шығар…» деген үміт пен «Жоқ! Ол келмейді. Мен оған керек емеспін, мен бұ дүниеде ешкімге керек емеспін!» деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді мекен? А? (халық үндемейді) Үндемейсіңдер! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін өзі сұқ саусағымен нұсқайды) «жауыз» деп жазғырған адам кезінде сондай тастанды бала болған, сол адам күндердің күнінде, есейіп, жігіт болып, өзін туған анасы… анасы емес-ау! өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде оған «Жауыз!» деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Жиһад жариялаған! Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді…

Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.

Ғабдуррахман. Егер біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе? А? Неге үндемей қалдыңдар? Ендеше қараңдар – ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!

Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі.

Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?

Дәрігер. Өтіп кетті… (алақандарымен бетін сипайды)

Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһү акбар!

Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің қан-қан болған мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.

Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?

Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қолындағы қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)

Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалтырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде дені дұрыс адамға орын жоқ.

Ғабдуррахман. Жақсы. Қазір сізді стадионға жеткіземіз, онда қаладан шығуды тосып отырған біраз адамдар бар. Сосын арнайы көлікпен қаланың сыртына шығарып тастаймыз. Әрі қарай қайда баруыңызды өзіңіз біліңіз (бір көмекшісіне) Мына кісіні балаларымен бірге стадионға апарып таста.

Асқар. Жамал! Тоқта! Қаладан әлі бір де бір адам шығарылған жоқ. Стадион миналанып тасталған. Ондағы бүкіл халық өлімге кесілген. Олардың бәрі аманат ретінде ұсталып отыр. Қалаға шабуыл жасалса стадион бүкіл тұтқындармен бірге көкке ұшады. Ал шабуыл жасалады, қашан екенін білмеймін, бірақ жасалатыны хақ.

Жамал. Солай ма! (Ғабдуррахманға) Ал хазіреті шейх не деп еді? «Қаладан кеткісі келетіндер стадионға жиналсын, содан арнайы көлікпен облыс орталығына жеткіземіз» деп еді ғой. Соның бәрі өтірік болғаны ма? Мұсылманға, хазіреті шейхке өтірік айтуға бола ма?

Ғабдуррахман. Мұсылманның кәпірге өтірік айтқаны айып емес. Мен мұсылмандар мен кәпірлерді айырып алу үшін солай істедім.

Жамал. Сен жаңа мені де алдадың емес пе?

Ғабдуррахман. Иә, алдадым. Өйткені сізді мұсылман деуге болмайды. Иманды, ибалы әйел мұсылманға, шейхке тіл тигізбеуге тиісті еді.

Жамал. Сен кәпір дегенмен мен кәпір бола қалмаспын. Сендей қанішермен бірге мұсылман атанғанша кәпір атанғаным артық. (халық тобына беттей бере) Гүлнәр! Берік! Жүріңдер, кетейік бұл жерден.

Асқар. (соңынан ілесіп) Тоқтай тұр, Жамал! Қайда барасың?

Жамал. (Асқарға бұрылып, қолының ишаратымен оны тоқтатады) Талақ! Талақ! Талақ! Сенің екі қолың қанға малынған. Біз сендей қанішермен бірге тұра алмаймыз.

Асқар аңырап қала береді. Жамал балаларымен бірге кетеді. Осы жерде мешіттен азаншының дауысы естіледі. Халық тарай бастайды. Қази мен хатшы қағаздарын жинап алып кетеді. Офицер сарбаздарын әкетеді. Шейх жасақтарын қолының ишаратымен аттандырады да имамның жанына келіп қолын оның иығына салады.

Асқар. (селк ете түседі) Ә?! Не?!

Шейх. Азан шақырылып жатыр, хазіреті имам. Мешітке барайық, намаз оқиық.

Асқар. Ә, иә, иә… (басы төмен салбыраған күйде шейхтың соңынан еріп кете барады)

Төртінші көрініс

Орталық стадион. Кеш. Футбол алаңында жатқан-отырған халық. Динамиктерден Құран оқыған қаридың дауысы естіледі. Бұл дауыс көріністің басынан аяғына дейін толастамайды, тек кей кезде ақырындайды да, кей кездері зорайып кетеді. Стадион тұтқындарының арасында күбір-күбір әңгіме, балалардың жылаған, қыңқылдаған үндері, біреулердің ыңырсыған, қарғап-сілеген дауыстары. Сахнаның орта тұсында, Ларисаның аяқтарына басын жастап Мария сұлап жатыр.

Мария. (сандырақтап жатыр) Су… су… Лариса, су берші…

Лариса. (жыламсырап) Мама! Суды қайдан алайын? Шыдашы!

Стадиондағылар қозғалмайды, тек анда-санда біреулер жүре бастаса, прожектор жарығына шалынып, мегафон арқылы жүрісті тоқтатуды талап етіп бұйрық беріледі.

Бір уақытта аспаннан ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіледі, гүріл күшейе түседі. Прожектор сәулелері көкке шаншылып, ауе зеңбіректері мен пулеметтер тарсылдатып оқ жаудырады. Тұтқындар бас сауғалап жата кетеді. Аспаннан шағын парашюттерге ілінген қапшықтарда азық-түлік, пластик бөтелкедегі су, қызыл крес пен қызыл ай бейнеленген қораптарда дәрі-дәрмек түсе бастайды. Және көптеген жапырақ қағаздар түседі. Ларисаның жанына бір бума пластик бөтелкелер қонады, қыз оларға қолын созғанымен қолы жетпейді. Ол шешесінің басын жерге қойып пластик бөтелкелерін ұстай бергенде, бір бала әлгі буманы парашюттің жіптерінен ұстап алып сүйрей жөнеледі. Лариса бөтелкелерге жармасып айырылмайды.

Лариса. Әй бала! Тоқтай тұр! Бір бөтелкесін маған тастап кет – мамам шөлден өлейін деп жатыр.

Бала тоқтай қалып бумадан бір бөтелкені алып берейін дегенде униформа киген стадион күзетушілері жетіп келіп тартып алады. Олардың белдерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар.

Лариса. Бір бөтелке! Тым құрығанда бір бөтелке беріңізші! (бөтелкеге жармасып бағады, бірақ күзетші бөтелкені жұлып алып, қызды итеріп жібереді; Лариса құлап түседі, сосын жылап шешесінің жанына қайтып келеді)

1 ... 6 7 8 9 10 11 12 13 14 ... 22
Перейти на страницу:
На этой странице вы можете бесплатно скачать Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев торрент бесплатно.
Комментарии